ҚФФ-ға жастар басшы болады. Олар ескі жүйені бұзып, жаңашылдық әкеле ала ма?

«Берік Уәли кітап сыйлады»: УЕФА-да жұмыс істейтін жалғыз қазақ ҚФФ президенті бола ма?

17.11.2024, 17:10

Ел ішіндегі сыбысқа жас маманның өзі жауап берді

«Берік Уәли кітап сыйлады»: УЕФА-да жұмыс істейтін жалғыз қазақ ҚФФ президенті бола ма?
instagram.com/berikuali/

Қазақстан футбол федерациясының президенті болған Әділет Бәрменқұлов отставкаға кетті деген күннен бері «оның орнына кім болады?» деген сауал біраз адамға ұйқы бермей жүрген сияқты. Спорт журналистері айналдырған 1-2 апта ішінде Әділбек Жақсыбековті, Ермек Маржықпаевты, Асқар Уранхаевты, миллиардер Тимур Турловты ҚФФ президенті етіп «сайлап үлгерді». Мұның бәрі әрине, қауесет қана. Президенттің кім болатынын алда болатын сайлау шешеді.

Ал, күні кеше бұл лауазымға Асқар Уранхаевтың ұлы Дәулет Уранхаев сайланғалы жатыр екен деген сыбыс тағы тарады. Дәулет Уранхаев – УЕФА-да қызмет атқаратын қазақстандық жалғыз азамат. Сыбыстың тарауына тек бұл фактор себеп болған жоқ, оның ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлимен бірге түскен фотосы негізгі себеп болды. Фотосуретті Берік Уәлиұлы әлеуметтік желідегі өз парақшасына жүктеген.

Осындай сыбыс тараған соң біз Дәулет Уранхаевтың өзіне хабарласып, пікірін сұрап көрдік. Президент баспасөз хатшысымен қандай мәселе талқылағаны да бізге қызық болды.

– Дәулет Асқарұлы, қазір екінің бірі Қазақстан футбол федерациясына кім президент болады деген сауалға болжам айтып жүр. Біреулер Әділбек Жақсыбеков қайта келеді екен десе, өзгелері бұл қызметке экс-министр Ермек Маржықпаевты «отырғызып қойды». Аталған тұлғалар «мұның бәрі қауесет» деп ресми мәлімдеме де жасап жатыр. Енді күні кеше жұрт сізді ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлимен бірге көріп, “ҚФФ президенті Дәулет Уранхаев болады” деп сеніммен жазып жатыр. Сізге шақырту немесе Ақорда тарапынан ұсыныс болды ма?

– Жоқ, ешкімнен ешқандай ұсыныс алған жоқпын, алуым да мүмкін емес, өйткені ҚФФ президентін ешкім тағайындамайды, бұл лауазымға сайлау арқылы келесің.

Менің Қазақстанда жүргенім көпшілікке осыншама қызық болады деп ойламадым (күліп). Қазір еңбек демалысындамын, сондықтан отаныма, үйіме келуді жөн деп санадым.

Жыл басынан бері есептеп көрсем, 100 күндей іс-сапарда болыппын, бұл дегеніңіз жылдың үштен бірі. Осындай сапарлар арасында мүмкіндік туса міндетті түрде Қазақстанға соғып кетемін. Бұл жолы туған жерім Семейде болдым. Астана, Алматы және Шымкент қалаларына да жол түсті.

– Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Сіз туралы сыбыстың шығуына сол Берік Уәлимен бірге кездесуіңіз себеп болды ғой. Егер президенттің баспасөз хатшысымен жұмыс туралы сөйлеспесеңіз, не талқыладыңыздар?

– Берік Уәлиұлына көп рахмет айтқым келеді, уақыт тауып қабылдағаны үшін. Біз жұмыс туралы мүлдем сөйлескен жоқпыз, спорт, жастар, қоғамдық өмір туралы ғана әңгіме өрбіді.

Кетерімде ол кісі маған Қазақстан туралы, еліміздің тарихы жайлы бірнеше кітап сыйлады, сол үшін ерекше алғыс айтамын. Қазір Стамбұлдамын, сол кітаптардың бірін оқып отырмын.


Берік Уәлидің Instagram-парақшасынан

– Алдағы уақытта ҚФФ президенті болып сайланатын тұлға жұмысын ең алдымен неден бастауы керек деп ойлайсыз?

– Менің құзырыма кірмейтін мәселені талқыламай-ақ қояйын.

ҚФФ президенті – отандық футболды дамытуға жауапты ең маңызды тұлға. Бұл орынға кім сайланса да оған болашақта сәттілік, күш-жігер тілеймін. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруына тілектеспін.

– Менің ойымша, Әділет Бәрменқұловтың қызметтен кетуіне – ҚПЛ-де легионерлерге қойылған лимиттің алынып тасталуы себеп болды. Алдымен қарапайым халық шулады, артынша депутаттар мәселе көтеріп, ақшаны келімсектерге таратуды тоқтатуды талап етті. Осындай шу көтерілген соң Әділет Назарбайұлы қолын бір сілтеп кетіп қалғандай көрінді. Сіз УЕФА-да қызмет атқарып жүрген жалғыз қазақстандықсыз, саланы терең меңгерген маман деп білеміз, айтыңызшы, бізге легионерлер керек пе, әлде отандық футболшылармен ғана жұмыс істеген дұрыс па?

– Бұл сұрақты ұзақ талқылауға болады. Бірақ, дәл қазір менің жауап бергенім дұрыс болмас. Көп уақыт шетелде болғандықтан, мәселені іштен білетін азаматтарға бәрі анығырақ қой.


Дәулет Уранхаев пен Кака

– Жоғарыда айтқанымдай, сіз УЕФА-да жұмыс істейтін жалғыз қазақстандықсыз. Біздің қазақтың қыз-жігіттері Google, Amazon, Tesla сынды алып корпорацияларда көптеп жұмыс істеп жүр. УЕФА-да неге сіз жалғызсыз? Бұл ұйымға қызметке кіру аса қиын ба, әлде қазақстандықтарға қызық емес пе?

– Мен Чемпиондар лигасы, Конференция лигасы, Суперкубок финалдарын ұйымдастырумен айналысатын департаментте бесінші жыл жұмыс істеп келемін. Біздің команданың басты міндеті – толыққанды жобалық басқару циклі (Project management).

Иә, мұндай қызметке Еуропаның өзінде бәсекелестік өте жоғары. Мұны мен өз тәжірибеме сүйеніп қана айта аламын. 

Қазіргі таңда шетелдік спорттық ірі ұйымдарда қазақстандық жастар аз емес, көрген сайын қуаныш әрі мақтаныш сезімі кернейді. Олар жақын уақытта Еуропадағы УЕФА секілді ұйымдарда да болатынына еш күмәнім жоқ.

– Лайым солай болғай! Ісіңізге сәттілік тілеймін!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам