Шавкат бейнеленген ресми UFC мерчін алуға асық

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасын бірде-бір гол соға алмай аяқтады

18.11.2024, 00:10

Келер жылы біздің команда төменгі дивизионда өнер көрсетеді

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасын бірде-бір гол соға алмай аяқтады
Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасын бірде-бір гол соға алмай аяқтады. Станислав Черчесов жаттықтыратын команда бүгін соңғы матчта Норвегиямен кездесіп, 0:5 есебімен ойсырай жеңілді.

Матч Норвегия астанасы Ослода өтті. Алаң иелері ойын бастала салысымен тізгінді қолға алып, өткір шабуылдарымен Покатилов күзеткен қақпаға лап қойған. Десе де, есеп тек 23-минутта ашылды. Нуса берген пасты ұтымды пайдаланған Эрлинг Холанд Қазақстан қақпасына алғашқы голын соқты. Ал, 37-минутта тағы осы екі ойыншының тандемі таблодағы көрсеткіштің өзгеруіне ықпал етті, Нусаның әуелете көтерген добын Холанд қақпаға баспен дәл бағыттады. 41-минутта Александр Сорлот айып алаңының сыртынан шірене теуіп, есепті 3:0-ге жеткізді.

Екінші таймда норвегтер тағы екі гол соқты. Алдымен 71-минутта тағы сол Холанд қорғаушыларды оңай алдап өтіп, Покатилов қақпасына төртінші голды соқса, араға бес минут салып Нуса ойындағы нүктені қойды.

Айта кетейік, Алматыда өткен алғашқы матчта командалар 0:0 есебімен тарқасқан болатын. Холланд ол ойында гол соға алмағанымен, қарымта ойында хет-трик авторы атанып отыр.

Осылайша Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының B дивизионынан шығып қалды. Өз тобында 1 ұпаймен соңғы орын алған Черчесов шәкірттері келер жылы C дивизионында қайта өнер көрсетеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам