Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

Өзбекстанда жас спортшыларды ерекше бағалайды, легионерге талап өте жоғары – Әбинұр Нұрымбет

28.11.2024, 10:22

Ол Беларусь елінен неге кетіп қалғанын да ашып айтты

Өзбекстанда жас спортшыларды ерекше бағалайды, легионерге талап өте жоғары – Әбинұр Нұрымбет
Андижан ФК

Олимпиада ойындарында, әлем чемпионатына іріктеуде тәп-тәуір өнер көрсетіп жүрген өзбек футболына қуанып та, қызығып та қарап жүрміз. Ал соңғы уақытта көрші елдің чемпионатын бақылауға тағы бір себеп табылды. Ол – Қазақстан жастар құрамасының жартылай қорғаушысы Әбинұр Нұрымбеттің «Андижан» клубының ойыншысы атануы. Маусымды Беларусьтің «Гомелінен» бастап, жылды «Андижанда» аяқтайтын Нұрымбеттен Қазақстан, Өзбекстан мен Беларусь чемпионаттарының деңгейі жайлы сұрадық. 

– Әбинұр, «Андижан» клубы Өзбекстан кубогында жеңіске жетті. Тарихта тұңғыш рет иеленген атақты қалай атап өттіңіздер?

– Әрине, ел кубогында топ жару ғажайып сәт қой. Бүкіл Андижан болып атап өттік. Өйткені клуб тарихында тұңғыш рет болған оқиға, тиісінше футболшылар үшін ғана емес, қала үшін де үлкен мереке. Жанкүйерлермен бірге тойладық, командамен жиналып отырыстар өткіздік. Жақсы нәтижеге қол жеткізген соң ойдағыдай тойладық десем болады.

– Клуб сізді қалай қарсы алды? Команадада тез тіл табысып кеттіңіз бе?

– Жақсы қарсы алды. Тез сіңісіп кеттім. Біздің бауырларымыз десем, артық айтқаным емес. Сондықтан тіл табысып, жақсы араласып кеттік. Сол үшін де жігіттерге алғыс айтамын. 

– Сіздің өзбек клубына ауысқаныңызға көп болған жоқ. Ұжым сапында футболшы ретінде толыққанды орнықтым деп айта аласыз ба?

– Өзбек тілі бөтен тіл емес, қазақ тіліне қатты ұқсайды. Оның үстіне, мәдениетімізде, тарихымызда ортақ тұстар көп, әрі көрші елміз, мұның бәрі оң әсер етеді екен. Футболшы ретінде де қалыптастым деп айта аламын. Алаңда тәжірибе жинап жатырмын. 

– Бұлай дейтінім, сіздің алаңға он ойын бойы шықпағаныңыз да талқыланды. Бұған не себеп?

– Бұл жақта бәсекелестік өте жоғары, деңгейі биік ойыншылар көп. Соған қарамастан, дубльде ойын тәжірибесін арттырып жатырмын. Бәсекелестік бар жерде сенің де деңгейің артады, соларға қарап өсесің, алға ұмтыласың. Тыңғылықты жаттығу жасап жүрмін. 

– «Андижанның» Өзбекстан біріншілігіндегі ахуалы туралы айта кетсеңіз. Клубтың биылғы маусымға мақсаты қандай?

– Алдымызға үлкен мақсаттар қойылды. Азия лигасында чемпиондыққа шығу, Өзбекстан кубогында жеңіске жету, чемпионатты жоғары сатыда аяқтау деген секілді. Біртін-біртін сол тапсырмаларды орындау жолында әрекет етіп жатырмыз. 

– «Андижанның» бұған дейін өзіңіз ойнаған клубтардан басты айырмашылығы неде?

– Ең басты айырмашылық – деңгейде. Себебі бұл жақтағы футбол деңгейі өзім ойнаған Беларусь чемпионатынан жоғары.

– Қателеспесем, Өзбекстанда чемпионат 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл қаншалықты ыңғайлы? Ал, стадиондар қыста ойнауға қаншалықты қолайлы? 

– Футболшылар ыңғайлы немесе ыңғайсыз уақыт деп қарамайды. Кез келген ауа райында, кез келген жыл мезгілінде ойнай бересің. Стадиондары жаман емес, алаң сапасы да жақсы. 

– Бұған дейін «Гомельде» 10 ойын өткізіп, бір гол соқтыңыз. Бір сұхбатыңызда маусымды «Гомельде» аяқтаймын деп ойладым деп айтыпсыз. Келісімшарт не үшін бұзылды? 

– Бірінші айналым аяқталатын уақытта бапкер тарапынан маған деген сенімді сезбедім. Тиісінше алаңда аз ойнап, көп уақыт қосалқы құрамда отырып қалдым. Соған қарамастан жаттығуда өзімді барынша көрсетуге тырыстым. Бапкерлер сонда да алаңға көп шығарған жоқ, ал маған ойын тәжірибесі керек болды. Содан соң бапкермен сөйлесіп, келісімшартты бұзатын болдық. Негізі маусымды «Гомельде» аяқтаймын деген жоспар болған, бәрі бұлай тез болады деп күткен жоқпын. Бірақ өмірде бәрі сен ойлағандай бола бермейді ғой. Кейін командадан көп адамды алып тастап, олардың орнына басқа легионерлерді қосты.

– Ол жақтағы сіздің өнеріңізге өзіңіздің көңіліңіз қаншалықты толды?

– Өз өнерімді бағалай алмаймын, оны басшылық пен бапкерлерге қалдырайын.  

– Беларусьтен соң Өзбекстанға оралу қаншалықты дұрыс шешім болды? Көбісі Еуропада қалуға тырысады ғой... Таңдау неліктен Өзбекстан чемпионатына түсті дегенім ғой.

– Өзбекстан футболымен танысқым келді. Шыны керек, мұндағы деңгей өте жоғары, Беларуське қарағанда тәжірибелі ойыншылар көп. 

– Әдетте Қазақстанда футболшылардың жалақысы жоғары екені жиі айтылады. Өзбекстанда футболшылардың табысы қандай? Егер Қазақстанмен, өзіңіз ойнаған Беларусь чемпионатымен салыстырсақ...

– Бұл туралы нақты айта алмаймын, бірақ жас ойыншылар үшін жақсы жалақы қарастырылған. 

– Өзбекстан мен Қазақстан футболының деңгейі туралы сіздің пікіріңізді білсек. 

– Егер деңгей жағынан айтсақ, Қазақстан легионерлер жағынан ғана алып тұр. Одан бөлек, Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сияқты әлемдегі ең беделді турнирлерге қатысуға мүмкіндік алады. Өздеріңіз білетіндей, биылдан бастап Қазақстан легионерлерге лимитті алып тастады. Өзбекстанда шетелдік ойыншыларға шектеу бар. Сондықтан  мұнда жас футболшыларға өзін дәлелдеуге көп мүмкіндік беріледі. 

– Ал жергілікті жанкүйерлердің футболға деген қызығушылығы жайлы не айтар едіңіз?

– Өзбекстанда жанкүйерлер футболмен өмір сүреді, қандай нәтиже болса да, командасын соңына дейін қолдайды. Олар – біздің 12-ойыншымыз.

– Өзбекстан Олимпиадада жақсы өнер көрсетті, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндігі бар. Көрші ел футболшыларының тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізіп жүруінің сыры неде деп ойлайсыз? 

– Мұнда балалар және жасөсіпірімдер спортына ерекше мән береді, футболда да солай. «Жастар – елдің ертеңі» деген ұғымның нәтиже беретінін осы жақтан көруге болады. Сүйікті спортыңмен айналысуға жағдай жасалған. Академиялар, стадиондар көп.

– Келісімшарт қай уақытқа дейін жасалып еді? Өзге клубтардан шақыртулар бар ма? Жалпы, болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Келісімшартым маусым соңына дейін есептелген. Алла қаласа, әрі қарай үйге оралып, отбасыммен бірге демаламын. Содан кейінгі қадамымды, қай клубқа ауысатынымды агентіммен ақылдаса отырып шешеміз. 

– Өзбекстанда легионерлерге көзқарас қандай? Әдетте көп елдерде шетелдік ойыншыларға қойылатын талап қаталдау...

– Қатаң талап қойылуы заңдылық. Қомақты қаражатқа сатып алған соң сол деңгейге сай өнер көрсетуің керек, ұжымға қосар үлесің көп болуы қажет.  

– Өзіңіз талай футболшыны тәрбиелеген Тараздың тумасысыз. Футболға қалай келгеніңіз туралы айта кетсеңіз. 

– Футболмен бес жасымнан бастап айналысамын. Өзім оқып жүрген мектепке бапкерлер келіп, балалардың бабын байқап көрді, сол кезде көздеріне түссем керек, өздерімен бірге алып кетті. Ең алғашқы бапкерім Ильницкий Иван Михайлович көп нәрсе үйретті, футболдың әліппесін осы кісіден үйрендім. 

– Отбасыңыз туралы да білгісі келетіндер көп. Үйде футболмен шұғылданатын сіз ғана ма?

– Үйде үш баламыз. Әкем мен анам әпкем мен қарындасым үшеумізді мәпелеп өсірді. Кезінде әкем футболмен шұғылданған, бірақ үйде осы спорт түріне кәсіби түрде бет бұрған мен ғана.

– Әңгімеңізге рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам