Кроуфорд қазақстандық боксшының салмағына ауысуы мүмкін
Әлемнің үздік боксшыларының бірі саналатын америкалық Теренс Кроуфорд өзінің болашағына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Жақында ол үшінші салмақта абсолютті чемпион атанып, бірегей жетістікке қол жеткізген еді.
14 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен жекпе-жекте Кроуфорд нағыз сенсация жасап, Сауль «Канело» Альваресті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, екінші орта салмақтағы барлық белбеуді өзіне иеленді.
Жекпе-жектен кейін журналистердің сұрағына жауап берген Кроуфорд келесі қадамы жайында пікір білдірді.
«Жартылай ауыр салмаққа көшу ме? Жоқ, ол жаққа бара қоймаспыз (күліп). Бірақ кім біледі, менің орта салмаққа түсуім де мүмкін. Бұл мәселені командамен отырып талқылаймыз», - деді ол The Ring басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, дәл осы орта салмақта Қазақстанның мақтанышы Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсетеді. Ол қазіргі таңда WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы белбеулерінің иегері. Егер Кроуфорд бұл дивизионға түсуді шешсе, қазақстандық боксшымен аса тартысты әрі көпшілік күткен тарихи жекпе-жек өтуі ғажап емес.