Стадионның сыйымдылығы 3600 адамды құрайды
Астананың оң жағалауындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион құрылысының бюджеті анықталды. Құрылыс аумағы – 15 мың шаршы метрден асады.
«Тапсырыс беруші – «Астана қаласының Құрылыс басқармасы». Мінездемесі –Астана қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион құрылысы, мекенжайы – Сарыарқа ауданы, Кенесары, 14 көшесі. Жоспарлы сома – 15 228 082 539,89 теңге», – делінген мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратта.
Мемлекеттік сатып алу сайтында өтініштерді қабылдау 22 қазанда басталып, 6 қарашада аяқталған. Тендерді «BiGlobal» ЖШС ұтып алған. Белгілі болғандай, стадионның сыйымдылығы 3600 адамды құрайды. Жоба 16 айда аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, былтырғы ақпан айында бұрынғы Қажымұқан Мұңайтпасов стадонын сүру туралы шешім қабылданды. Техникалық тексеріс оның құлау алдында тұрғанын растады.