Ол осы клубтың түлегі
Футболдан Қазақстан құрамасы мен «Ақтөбе» клубының қақпашысы болған Игорь Шацкий жаңа маусымда «Шахтердың» жейдесін киеді. Аталған трансфер жайында қарағандылық клубтың атқарушы директоры Талғат Дүйсеков мәлімдеді.
Айта кету керек, 35 жастағы Шацкийдің өзі «Шахтердің» түлегі. Ең алғаш рет ол 2007 жылы клубтың жастар командасында қақпа күзетті. Кейін негізгі құрамға алынып, одан әрі «Астана», «Тобыл», «Ақтөбе» сынды командаларда өнер көрсетті. Қазақстан құрамасына 2019 жылдан бері шақыртылып жүр.
«Шац — біздікі, Шац — Үйде! Бастысы, ниетің болса, тілін таба алсаң көп нәрсеге қол жеткізуге болады», - деп жазды Дүйсеков әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, «Шахтер» клубы ҚПЛ-дің соңғы маусымында сәтсіз өнер көрсетіп, турнир кестесінің соңғы сатысына жайғасты. Команда тарихында алғаш рет Бірінші лигаға төмендеп отыр. Осы жайттан кейін облыс әкімі клубтың басшылығын ауыстырды. Артынша бас бапкер де алмасып, «Шахтер» сапына жаңа ойыншылар қосылып жатыр.