Олар бүгін Түркияға қайта ұшып кетті
Air Astana әуе компаниясының ұшағы ақауға байланысты Ақтау әуежайына шұғыл түрде қонуға мәжбүр болды. Компания баспасөз қызметі бұл жағдайға байланысты түсінік берді.
Әуе компаниясының мәліметіне сүйенсек, 8 қаңтарда Алматы – Анталья бағыты бойынша КС915 рейсін орындайтын Airbus A321 ұшағы әуежайдан жергілікті уақыт бойынша 08:35-те ұшып кеткен.
Алайда, техникалық себеппен ұшақ Ақтау әуежайына штаттық режимде қонған. Бұған орталық бактың отын жүйесінің сақтандырғыш клапанының ақауы себеп болған.
Ұшақтың ішінде «Жетісу» клубының футболшылары, бапкерлер штабы бар болып шықты. Олар Антальяға оқу-жаттығу жиындарына кетіп бара жатқан.
«Біз Өзбекстанның немесе Түркіменстанның үстінен ұшып бара жатқанбыз. Бір кезде пилот техникалық себептерге байланысты ұшақтың Ақтауға қонатынын хабарлады. Осы ретте бүкіл экипаждың және стюардессалардың кәсібилігін ерекше айтар едім. Ешқандай қобалжу болмады. Біз тіпті байқамай қалдық. Таңертең Антальяға қайта ұшамыз, біз үшін алаңдағандардың барлығына рахмет айтамын», - деді «Жетісу» клубының бас бапкері Самат Смақов.
Еске салайық, былтыр 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтауда апатқа ұшыраған болатын. Салдарынан 38 адам қайтыс болып, 29 адам тірі қалды. Ұшақты Грозный аумағында «Панцирь» қаруымен атты деген болжам бар.