Қазақстандықтар неміс туын жерден көтеріп алып, құрмет көрсетті
Әлем футболының жарық жұлдызы Бастиан Швайнштайгер Qazsport арнасының тілшісі Телжан Күдеровке Туринде өтіп жатқан универсиада ойындарының ашылу салтанатында құлап жатқан Германияның туын көтергені үшін алғысын айтты.
Бұл туралы «ARENA» телеграм-арнасында мәлім болды. Футболшы қазір Италияда қысқы универсиада ойындарын тамашалап жүрген көрінеді.
Ал Турин қаласында қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанаты кезінде Германия құрамасы өткен соң сол елдің жалаушасы жерге құлап түскен. Ал кейін шыққан қазақстандықтар жерде жатқан неміс туын көтеріп алып, құрмет көрсеткен. Туды «Qazsport» телеарнасының тілшісі Телжан Күдеров көтергені мәлім болды.
Италияда өтіп жатқан Қысқы Универсиада ойындарына Қазақстан спортшылары бірнеше спорт түрінен қатысуда. Бұл сынға ел құрамасы сапында 95 спортшы аттанған.
Айта кететін жайт, Туриндегі универсиада ойындары 13 қаңтардан 23 қаңтарға дейін жалғаспақ.