Ол қызметтен кеткен жағдайда ірі көлемде өтемақы алады
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Станислав Черчесов Sportnews.kz тілшісіне сұхбат беріп, заң жүзінде әлі қызметінен кетпегенін айтты.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан футбол федерациясы Черчесовпен келісімшарттың үзілгенін жариялады.
– Бұған дейін айтқанымда, қаңтар айының басында федерацияның жаңа басшысы Марат Омаровпен сөйлестік. Біз наурыз айында болатын ойындар туралы талқыладық. Ал, бүгін Мәскеуде ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжановпен кездестік. Ол маған ұлттық құраманың бас бапкері ретінде басқа адамды көргісі келетінін айтты. Артынша Федерация басшысы да маған жеке хабарласып, бұл туралы айтты.
– Федерацияның ресми сайтында келісімшарт екі тараптың өзара келісімімен үзілді деп жазылған. Рас па?
– Жоқ, бұл ақпарат шындыққа сай емес. Федерация басшысымен телефон арқылы сөйлестік, ол маған келісімшарттың үзілетінін айтты. Мұндай жайттар футболда болып тұрады. Қандай жағдай болмасын, біз Марат Омаровпен сыйластықта қаламыз. Қазір менің заңгерлерім келісімшартты үзу процесімен айналысып жатыр. Контракт әлі үзілген жоқ. Демек мен әлі ресми қызметтен кеткен жоқпын, мен ресми түрде Қазақстан құрамасының бас бапкерімін.
Айта кетейік, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін былтыр жазда ұстаған. Содан бері ұлттық құрама бірде-бір матчта жеңіске жетпеген.