
Ол «Барселона» жейдесін қайта киюді армандайды
Бразилиялық әйгілі футболшы Неймар жуырда ғана туған жеріне келіп, «Сантос» сапына қосылған болатын. Алайда, ол Сан-Паулуда ұзақ уақыт қалғысы келмейтінін мойындады. Мүмкіндік болса Еуропаға оралмақшы деп жазды Cadena Ser басылымы.
Неймар Еуропаның үздік клубтарында ойнағысы келеді. Бірақ, ол үшін футболшы өзін қайта үздік қырынан көрсете білуі керек. Егер «Барселона» ұсыныс айтса, бразилиялық шабуылшы бір сәтке де ойланбай келісетінін жасырмады.
Неймар «Сантосқа» оралуының себебін «бәрін басынан бастағысы келетінімен» түсіндірген болатын. Үлкен футболдағы алғашқы қадамын ол осы клубтан бастаған.
Неймар Бразилия құрамасының ең үздік бомбардирі, ол ұлттық құрама сапында 79 гол соққан. «Барселона» сапында 2013-2017 жылдар аралығында доп тепті. Мұнан кейін «ПСЖ-ға» ауысса, 2023 жылдан бастап саудиялық «Әл-Хилал» клубымен келісімшарт жасасты. Алайда, мұнда Неймар небәрі үш ойынға қатысқан. Аяғынан ауыр жарақат алғаннан кейін соңғы екі жыл бойы ол жаттығу да жасай алмады.