
Соған қарамастан, ол мәскеуліктерге сәттілік тіледі
Ресейлік «Торпедо» футзал клубына жалға берілген Райымбек Жұманың «Семей» клубына мерзімінен бұрын оралғаны көпшіліктің ойын сан-саққа жүгіртті.
Себебі оның ресейлік ұжымға жалға берілгеніне әлі бір ай да толған жоқ.
«Ресми: Райымбек Жұма «Семейге» оралды! «Семей» және «Торпедо» футзал клубтары Райымбек Жұманы жалға алудан қайтару жөнінде өзара келісімге келді», - деп жазды отандық клуб.
Осыдан соң жанкүйерлер түрлі болжам жасай бастады. Дегенмен, футзалшы жұртты толғандырған сауалға өзі жауап беріп, клубтан кетуге діни көзқарас себеп болғанын алға тартты.
«Торпедодан» кету туралы шешімді өзім қабылдадым. Клуб пен жанкүйерлерге айтар шағымым жоқ, өкінішке қарай, «Торпедо» тарапынан берілген кейбір уәделер сол күйі орындалмады. Сондықтан осындай шешім қабылдауыма тура келді. Одан қалды, діни көзқарасқа қатысты мәселе туындады. Бұл да шешіміме әсер етті. Осындай тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген клубқа алғыс айта отырып, «Торпедоға» болашақта табыс тілеймін», - деді Жұма.
Айта кетейік, Райымбек «Торпедо» сапына 8 ақпанда ауысқан, осы аралықта қазақстандық ойыншы 4 ресми матчқа қатысты.