Клубтың жаңа бапкері биыл команданы жүлдегерлер қатарына қосуды көздеп отыр
Алдағы футбол маусымында «Жетісу» клубы «Вилльем», АЯКС және AZ Алкмаар академияларының түлегі Терелл Онданмен толығуы мүмкін. Бұл туралы спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің Telegram-парақшасында жазылған.
Ондан Нидерланды жастар құрамасында өнер көрсеткен. Кейіннен Гаяна ұлттық құрамасына ойнайтын болып шешіпті. Соңғы клубы – «Университатия» Крайова (Румыния). Оң қапталда ойнайтын вингер. Жасы 30-да.
«Қайрат Нұрдәулетов биыл «Жетісумен» сенсация жасайтын сияқты. Алғашқы трансферлері сұрапыл! Өткен маусымда «Мақтааралмен» мақтана алатын нәтиже көрсеткен Қайрат Жұмабекұлы биылғы біріншілікке білек сыбана кірісейін деді. Оның үстіне бұл кісі Қазақстан жастар құрамасындағы жұмысын өзге маманға беріп кетті», - деп жазды Е.Мәулен.