Футболдан әлем чемпионаты ТМД елдерінде өтуі мүмкін

28.03.2025, 21:31

Грузия және Армения FIFA-ға ресми өтінім дайындауда

Футболдан әлем чемпионаты ТМД елдерінде өтуі мүмкін
©x.com/FIFACWC

Грузия және Армения футбол федерациялары 2029 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының матчтарын бірлесіп өткізу үшін FIFA-ға ресми өтінім дайындауда. Бұл туралы «Sputnik Грузия» жазды.

Естеріңізде болса, екі елдің футбол федерацияларының президенттері – Леван Кобиашвили мен Армен Меликбекян мұндай жоспарлары барын 2024 жылдың маусым айында мәлімдеп еді. Енді тараптар осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Егер бұл бастама мақұлданса, Арменияның Грузия шекарасына жақын орналасқан Дилижан мен Иджеван қалаларының маңында екі жаңа стадионның құрылысы басталады.

FIFA президенті Джанни Инфантино 2024 жылдың қарашасында Тбилисиге сапары барысында өңірдің мүмкіндіктерін жоғары бағалап, 2023 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының сәтті өткенін тілге тиек еткен.

Бұған дейін Грузия 2017 жылы U-19 Еуропа чемпионатын қабылдаса, ал 2023 жылы U-21 Еуропа чемпионатын Румыниямен бірлесіп өткізген. Сонымен қатар Тбилиси 2028 жылы жаңа 70 мың орындық стадион құрылысы аяқталған соң УЕФА Чемпиондар лигасының финалын өткізуге өтінім беруді жоспарлап отыр.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам