Асхат Тағыбергеннің қай клубқа ауысқаны белгілі болды

29.03.2025, 14:22

Жақын арада ол ресми түрде таныстырылады

Асхат Тағыбергеннің қай клубқа ауысқаны белгілі болды
ҚФФ

«Серый Cardinal» telegram-арнасының мәліметінше, «Ордабасыдан» кеткен Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген мансабын Қостанайдың «Тоболында» жалғастырады.

«Асхат Тағыберген – «Тобыл» ойыншысы. Жақын арада ол ресми түрде таныстырылады. Шымкент әкімі сынынан соң Тағыбергеннің «Ордабасындағы» мансабының кері санағы басталған еді. Әкім мәлімдемесі ойыншының командаға қажет емес екенін көрсетті. Мұндай сөздерден соң кез келген футболшының кететіні анық.

Ұлттық құрамалардың үзілісі кезінде оған «Тұран» мен «Қайсардан» ұсыныстар түскенімен, бұл Асхаттың алдына қойған мақсаты үшін жеткіліксіз болды. Мұны түсінген Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан құрамасының капитанын «Тоболға» шақырды. Келісімге қол жеткізілгеннен кейін Тағыберген Қостанайға аттанды. Оңтүстік пен солтүстіктегі келісімшарттың шарттарында айтарлықтай айырмашылық барын болжау қиын емес. Нақты соманы айтпай-ақ қояйық, алайда ол бұрынғысынан әлдеқайда төмен.

Осылайша, «Ордабасы» жалақы қорына түсетін салмақты азайтса, Тағыберген абыройын сақтап қалды, ал «Тобыл» өзіне қажет ойыншыны алды», – деп жазады дереккөз.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам