Бірінші лига: «Ертіс» клубы көш бастады

11.04.2025, 00:41

Биыл чемпион болған клуб ҚПЛ-де ойнау мүмкіндігіне ие болады

Бірінші лига: «Ертіс» клубы көш бастады
Ертіс ФК

10 сәуір күні футболдан Қазақстанның бірінші лигасының алғашқы туры жалғасын тапты. Бұл күні Өскеменнің «Алтайы» сырт алаңда Шымкенттің «Оңтүстік академиясымен» ойнап, 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Осылайша, маусымды сәтті бастаған команда алғашқы үш ұпайын еншіледі.

Түркістан облысының «Жетісай» командасы да биылғы маусымға тың дайындықпен келгенін көрсетті. Өткен жылы жанкүйерлердің көңілінен шыққан бұл ұжым алғашқы кездесуінде сырт алаңда «Тараздан» 2:1 есебімен басым түсті.

Сонымен қатар, «SD Family» командасы алматылық «Қайрат-2» командасын – 3:0, алматылық «Хан Тәңірі» «Ақтөбе-2» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Бір күн бұрын, яғни 9 сәуірде өткен турдың алғашқы ойындарында «Түркістан» өз алаңында «Шахтерден» 1:2 есебімен ұтылып қалды. Ал павлодарлық «Ертіс» «Екібастұзды» ірі есеппен – 4:0, ақтаулық «Каспий» болса Алматының AKAS клубын 3:1 есебімен жеңді.

Тур нәтижесі бойынша «Ертіс», «SD Family», «Каспий», «Алтай», «Хан Тәңірі», «Шахтер» және «Жетісай» үш ұпаймен көш бастап тұр.

Екінші турдың ойындары 17 және 18 сәуір күндеріне жоспарланған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам