
Жанкүйерлер бас бапкердің отставкасын талап етуде
Қазақстан футзал құрамасының жанкүйерлері Вьетнаммен өткен жолдастық кездесудің нәтижесіне қапалы. Сырт алаңда өткен матчта Кака шәкірттері 1:4 есебімен оңбай жеңілді.
Құрама команда ойынның басым бөлігінде ұтылып жатып, есепті теңестіргенімен, соңғы 83 секунд ішінде жауапсыз үш гол жіберіп алды.
Бұл сәт жанкүйерлер назарынан тыс қалмады. Олар құраманың Instagram-дағы ресми парақшасындағы жазбалар астына пікірлер қалдырып, реніштерін білдірді:
«Дәуір аяқталды». «Олар ойнауды қойды. Бір минуттың ішінде үш гол өткізіп алды». «Ақбалықов мүлде ойнай алмайды», - деп жазып жатыр жанкүйерлер.
Жанкүйерлер бұл нәтижені масқара деп атап, бас бапкер Какаға клубтық деңгейге қайта оралуды ұсынып отыр. Кейбіреулер ұлттық құраманың деңгейін сақтап қалу үшін тағы бірнеше бразилиялыққа азаматтық беруді ұсынған:
«Кака бір клубтың бапкері болсын да, сонда жұмыс істесін. Ол «Қайратты» баптағанда, команда жақсы ойнап еді». «4:1 — бұл масқара». «Ұят! Вьетнамнан 4:1 болып жеңілдік. Тағы он бразилиялық керек. Біздің отандық ойыншылар мүлде ойнай алмайды».
Қолданушылардың бірі жан-жақты талдау жасаған. Қысқаша мазмұны мынадай:
«Матч бойы масқара болдық. Өзің гол соға алмасаң, саған соғады. Командадан Қайырбай мен Кәрменов қана көзге түсті, қалғандары — көлеңке іспетті. Валиуллин тірек шабуылшы рөлін мүлде атқара алмады.
Қақпашыны ауыстыру — бөлек әңгіме. Жеткірбаев жақсы формада болғанымен, оның орнына Игитаны шығарды. Игита алаңға шыққан бойда бірден гол жіберіп алды. Бұл шешімдердің ешқандай қисыны жоқ.
Біздің футзалшылар алаңның әр бөлігіндегі тартыста есе жіберді. Ақбалықов үмітті ақтамады.
Бапкерлер деңгейінің төмен екені көрініп тұр. Қазақстан құрамасы тактикалық тұрғыда ұтылды. Кака көптен бері өз жұмысын лайықты атқара алмай жүр – бізге жаңа бапкер керек», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бұл — Қазақстан мен Вьетнам құрамалары арасындағы жоспарланған екі жолдастық кездесудің бірі. Келесі ойын 15 сәуір – сейсенбі күні өтеді.