
Ол бәрі оңай болады деп ойлағанын жасырмады
«Атырау» ФК-ның бас директоры Дидар Сыдықбек тағайындалғанына бір ай болмай жатып қызметінен кететінін мәлімдеді. Дегенмен, ол осы уақыт ішінде клубтың дамуына өз қалтасынан ақша шығарғанын айтып, оны қайтарғысы келетінін жасырмады.
«Достар, өмірде ең маңыздысы — өз-өзіңе және сіздерге адал болу. Сондықтан ашық айтамын: келесі аптада «Атыраудан» кету мәселесін талқылаймын. Неге «талқылаймын» деймін — себебі клубқа өз қалтамнан қаржы салдым және бұл бойынша сұрақтар бар. Сонымен қатар, клубты көтеру үшін үлкен жауапкершілік алдым, енді соның бір бөлігін қайтарғым келеді. Атырауды және осы клубқа қатысы бар жандарды қатты жақсы көріп қалдым. Негатив жоқ, ешкім кетуге мәжбүрлеген жоқ. Тек мен бәрі оңай болады деп ойлаппын…», - деп жазды Сыдықбек.
Дидар Сыдықбек «Атырау» клубының бас директоры болып 27 наурызда тағайындалған болатын. Бірақ ол араға бар-жоғы 17 күн салып, бұл лауазымды қызметтен кетуге бел буып отыр.
Сондай-ақ, ол соңғы үш апта ішінде қатты шаршағанын айтып, демалуға ниетті екенін білдірді. Алдағы уақытта медиа-футболдан өтетін турнир — МФЛ-ға дайындалатынын да жеткізді.
Айта кетейік, Дидар Сыдықбек — SD Family жобасының негізін қалаушы. Бұл команда алдымен әуесқойлар арасында құрылғанымен, қазір Қазақстанның Бірінші лигасында кәсіби түрде ойнаған.