
Финалда алматылық клуб «Спортингпен» немесе «Пальмаспен» кездеседі
Алматының «Қайрат» футзал клубы Францияның Ле-Мана қаласында өткен Чемпиондар лигасының жартылай финалында Испанияның қазіргі чемпионы «Картахенаны» жеңді.
Испаниялық клуб биыл Чемпиондар лигасында алғаш рет өнер көрсетіп жатыр. Соған қарамастан, аталған матчта олар фаворит саналды.
Бірақ, «Қайрат» сенсациялық жеңіске жетіп, финалға жолдама алды, қорытынды есеп — 3:2.
Қазақстандық команданың сапында Алиссон дубль авторы атанды — ол 16- және 36-минуттарда гол соқты. Тағы бір голды 39-минутта қақпашы Деннис Кавальканти қақпада тулатты. Ал испаниялықтар қатарынан Мигель Анхель Мельядо (20-минут) және Габриэль Мотта (40-минут, пенальтиден) мергендік танытты.
Финалда «Қайрат» Португалияның «Спортингі» мен Испанияның «Пальмасы» арасындағы кездесу жеңімпазымен кездеседі. Бұл матч 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні өтеді.
Еске салайық, «Қайрат» Чемпиондар лигасының финалына 2019 жылдан бері алғаш рет шығып отыр. Ол кезде шешуші ойында «Спортингке» 1:2 есебімен жол берген.
Жеңімпаздар финалда кездеседі, ал жеңілген қос команда үшінші орынға таласады.
Төрттік финал Францияның Ле-Ман қаласында өтуде.
«Қайрат» бұған дейін Чемпиондар лигасын екі рет жеңіп алған (ол кезде турнир УЕФА Кубогы деп аталатын): 2013 және 2015 жылдары.