«Қайсарға» қиянат жасалды»: төреші қызылордалық клуб қақпасына үш пенальти белгіледі

04.05.2025, 21:19

Матчтан кейін «Қайсар» жанкүйерлері ұзақ уақыт төрешіні балағаттайтын ұрандар айтты

«Қайсарға» қиянат жасалды»: төреші қызылордалық клуб қақпасына үш пенальти белгіледі
Қайсар ФК

Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турында Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында «Астананы» қабылдап, 1:1 есебімен тең тарқасты.

Есеп матчтың 59-минутында ашылды. Төреші «Астана» қақпасына пенальти белгілеп, оны Айбар Жақсылықов дәл орындады.

«Астананың» гол соғатын мүмкіндігі аз болған жоқ. Елордалық команда 41-минутта 11 метрлік айып добын пайдалана алмады. Джеффри Чинедудің тепкен добы қақпа бағанынан кері серпілді.

Ал, ойын соңында – 88-минутта – төреші «Қайсар» қақпасына тағы пенальти белгіледі. Бұл жолы да астаналықтар өз мүмкіндігін пайдалана алған жоқ: Назми Грипши тепкен допты қақпашы Нұрымжан Салайдин қайтарды. Алайда, арбитр міндетін атқарған Сергей Ноженко допты ережеге сай қайтармағанын айтып, пенальтиді басынан белгіледі. Бұл жолы Грипши әупірімдеп жүріп гол соқты.

Спорт журналисі Аслан Қаженов болса «Қайсарға» төреші тарапынан қиянат жасалғанын айтып отыр. Оның жазуынша, Ноженко қазақ футболшыларынан құралған команданы физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да сындырып тастаған.

«Отыз жыл бойы оңбаған қазақ футболы жақын болашақта оңбайды. Бүйтеміз, сүйтеміз, сирақ үйітеміз дегеннің бәрі қыртқан әңгіме. Бұған дейін ҚПЛ-ды мүлде көрмейтінбіз. Биыл осы «Қайсар» үшін ғана қарап жүрміз. Оның өзінде мына жүйе әбден жүйкені жұқартып, одан сайын жиіркендіріп тастады», - деп жазды Қаженов өзінің Facebook-парақшасында.

Еске салайық, «Қайсар» клубы биылғы маусымда легионердің бәрінен бас тартып, тек қазақ футболшыларды ғана командада қалдырды. «Астана» болса керісінше, алаңға негізінен легионерлерді шығарып жүр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам