«Оңбай жазаландық»: «Қайрат» президенті клубтың басты қателігін айтты

05.05.2025, 12:43

Қайрат Оразбеков ойында таңдалған тактикадан қате кеткенін мойындады

«Оңбай жазаландық»: «Қайрат» президенті клубтың басты қателігін айтты
instagram.com/afckairat

«Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков Чемпиондар лигасының финалындағы испаниялық «Пальма» командасымен өткен ойынның (4:9) қорытындысына қатысты пікір білдірді.

«Меніңше, ойында таңдалған тактикадан қате кетті. «Картахенаға» қарсы матчтағыдай екінші нөмірмен ойнауымыз керек еді. «Пальманың» стандарттарына түсіп қалғанымыз қарсылас алаңында Луанға прессинг жасағанымыз қате болды, сол үшін бірінші тайм соңында екі голмен оңбай жазаландық. Осыдан соң ойынымыз жүрмей қойды.

Сондай-ақ Чемпиондар лигасын екі рет жеңіп алған команданың 12 бірдей ойыншысы белсенділік танытып жатқанда, 8 ойыншымен прессинг жасау өте қиын. Осы тактиканы таңдаған соң, біз де толық құраммен ойнауымыз қажет еді», – деді Қайрат Оразбеков.

Қайрат Оразбеков футзалдағы жаңа Чемпиондар лигасы форматымен де бөлісті. Айта кетейік, 2025/2026 маусымынан бастап УЕФА футзал Чемпиондар лигасында 1/8 және 1/4 финал кезеңдері екі ойыннан (үйде және түзде) тұратын болады. Жаңа жүйе бойынша финалдық кезеңге өткен 16 команда кемінде бір ойынды өз алаңында өткізеді.

«Бұл – футзалдың дамуындағы дұрыс әрі табиғи қадам. Біздің жанкүйерлер команданың өз алаңындағы және сырт алаңдағы ойындарын көре алады. Ал жеңімпаз төрттік финалға жолдама алады», – деді ол.

Еске салсақ, финалдық ойында «Қайрат» сапынан Кайо Руис, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашид және Кевин Аррьета мергендік танытты. Алайда бұл көрсеткіш алматылық ұжымға жеңіске жетуге жеткіліксіз болды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам