
Оның бас бапкермен ара қатынасы нашарлағаны туралы да сыбыс тараған болатын
Болашағынан зор үміт күттіретін өзбекстандық қорғаушы Абдукодир Хусанов соңғы кездері «Манчестер Сити» сапында алаңға шығып жүрген жоқ, сондықтан көпшілік арасында жас футболшыны өзге клубтарға жалға беруі мүмкін деген әңгіме тарай бастаған. Алайда, ол қазір командамен бірге жаттығуын жалғастырып жатыр.
Ал Хусановты жасөспірімдер құрамасында жаттықтырған, әрі Өзбекстан құрамасының аты аңызға айналған шабуылшысы Азамат Абдураимовтың айтуынша, «қалалықтардың» бас бапкері Хосеп Гвардиола жас ойыншыны ешқайда жібергісі келмейді.
«Мен оның әкесі Хикмат Хошимовпен байланыстамын. Жуырда ол Англиядан оралды. Сол сапарында Гвардиоланың Кодирді сатуға да, жалға беруге де ниеті жоқ екенін айтқан», – деді Абдураимов АЗИЯ-СПОРТ басылымына берген сұхбатында.
Маманның сөзінше, Хусанов Гвардиоламен жеке жаттығулар өткізіп, әлемдік деңгейдегі клубтың жаттығу процесінен мол тәжірибе жинап жүр. Тұрақты ойын уақыты болмаса да, ойыншы мотивациясын жоғалтпаған және Англияда жұмысын жалғастыруға ниетті.
«Кодир үшін «Манчестер Сити» – нағыз өмір мектебі. Ол алаңға жиі шықпағанымен, жаттығуын тоқтатқан емес және Гвардиоланың өзі оған ерекше көңіл бөледі. Бұл көп нәрсені аңғартады. Себебі Кодир өте еңбекқор, тіпті Гвардиоланың өзі оның бұл қасиетін атап өткен», – деді Абдураимов.
Абдукодир Хусанов – 20 жастағы қорғаушы. Ол 2023 жылы ағылшынның «Манчестер Сити» клубымен келісімшартқа отырған. Бұған дейін Францияның «Ланс» командасында ойнаған және Өзбекстан ұлттық құрамасының кеңейтілген құрамына енген.