
Бақтиерден өзге Абат Айымбетов, Рамазан Оразов және Айбол Әбікен алаңға шықпайды
Футболдан Қазақстан құрамасының Беларусь пен Солтүстік Македонияға қарсы матчтарға қатысатын нақты құрамына Бахтиер Зайнутдинов секілді шетелде ойнайтын бірқатар футболшының енбегені туралы жазғанбыз. Бұл мәселенің мән-жайын ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев айтып берді. Оның сөзінше, Зайнутдинов құрамамен бірге болады, бірақ алаңға шықпайды.
«Ол құрама сапына келіп, команданы қолдайды. Жігіттер құраманың ішкі атмосферасын сезініп, «Баха бізбен бірге» деген сенімде болуы маңызды, бұл оларға қосымша рух береді», - деді бапкер.
Ал Абат Айымбетов отбаслық жағдайына байланысты қатыспайтын болған.
«Біз оған хабарластық, отбасылық жағдайына байланысты ұлттық құрамаға шақырмауды өзі өтінді. Чемпионаттағы соңғы матчынан кейін үйіне оралады. Жағдай расымен де өте маңызды. Біз оған түсіністікпен қарадық. Қазір ол жақындарының жанында болуы қажет», - деп қосты Әлиев.
Сонымен қатар бас бапкер Рамазан Оразовтың жоқтығына қатысты да ойын ортаға салды.
«Рамазанның қазір ойын тәжірибесі аз. Ол өзі де жақсы түсініп тұр. Ойын ырғағы, тұрақты жаттығу және толық 90 минуттық тәжірибесіз Лихтенштейн сияқты қарсыласпен де ойнау қиын. Бұл мәселені біз бірге талқыладық», - деді ол.
Ал Айбол Әбікенге қатысты бас бапкер былай деді:
«Бұл жерде де тірек аймағы жайлы сөз болып отыр. Бізде бұл позицияда Тағыберген, Қуат, Жагоров бар. Таңдау халықаралық тәжірибесі мол, жоғары деңгейдегі матчтарға қатысқан ойыншыларға түсті. Әбікен де кеңейтілген тізімде. Біз оны да бақылап отырмыз», - деді ол.