
Лондондық клуб үш еурокубокті де жеңген алғашқы клуб атанып отыр
Футболдан УЕФА Конференция лигасының жаңа чемпионы анықталды. Финалда испаниялық «Бетиспен» кездескен «Челси» 4:1 есебімен жеңіске жетіп, кубоктің иегері атанды.
Финалдық матч Польшаның Вроцлав қаласында өтті. Есепті небәрі тоғызыншы минутта «Бетис» жартылай қорғаушысы Эз Абде ашқан. Бірінші таймнан кейін «Челсидің» бас бапкері алаңға тың ойыншыларды шығарып, нәтижесінде лондондық клуб керемет камбэк жасады.
65-минутта Энцо Фернандес есепті теңестірсе, 71-минутта Николас Джексон командасын алға шығарды. Испандықтар түгел шабуылға шыққанын пайдаланған Джейдон Санчо 83-минутта қанжығасын майлады. Ал, 90+1 минутта Мойсес Кайседо таблодағы көрсеткішті 4:1-ге жеткізді.
Осылайша, «Челси» Конференция лигасының чемпионы ғана болып қойған жоқ, сондай-ақ үш еурокубокті жеңген алғашқы команда атанып отыр. Лондондықтар Чемпиондар лигасын 2012 және 2021 жылдары жеңсе, Еуропа лигасында да екі рет чемпион атанған (2013 және 2019 жылдар).