
«Жетісу» Қазақстан чемпионатының плей-офф бәсекесінде «Қайратты» жеңген
Футзалдан Жетісу облысының намысын қорғап жүрген «Жетісу» командасы жабылып қалуы мүмкін. Қазақстан чемпионатының плей-офф бәсекесінде «Қайратты» алғашқы ойында жеңген клубқа келесі маусымда әкімдік ақша бермеуді жоспарлап отырған көрінеді. Бұл туралы жергілікті журналист Серік Қантаев жазды.
«Келер маусымда Жетісу облысының басшылығы «футзал қалсын ба, қалмасын ба?» деп бас қатырып отырған көрінеді. Өсу бар, нәтиже жақсарып келе жатқан команданы жоқ қылып қарап отырса, басшылықтың өзіне сын болар еді. Облыста нәтижесі төмен, жергілікті ізбасарларынан гөрі өзгелерге көп сенім артатын спорт түрлері де бар еді. «Жетісу» сапындағы жергілікті ойыншылардың деңгейі өсті. Әлімжан Сейітнұр (чемпионатта 3 гол салды), Дәурен Қайратұлы (жас қақпашы чемпионатта 42 ойынға шықты) 19 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды. Бексұлтан Тілеухан, Мәди Саматұлы, Мадияр Тұрғанбай, Мәди Маратұлы сынды жас талдықорғандықтар да жастар құрамасына кандидат болды. Одан бөлек, Болат Сарбасов, Жомарт Тоқаев, Төрехан Досов, Нұрсұлтан Таңатұлы бүгінгі қазақ футзалының үздіктеріне айналды. Егер барлық команда легионерсіз ойнаса, «Жетісу» чемпион болар еді. «Жетісу» футзалының соңынан еріп келе жатқан «іні командалары» (жастар, жасөспірім, балалар командасы) да жақсы нәтиже көрсетіп жүр», - дейді Серік Қантаев.
Оның айтуынша, «Жетісудың» тұрақты чемпионатта жоғары орындардан көрінуге мүмкіндігі болған. Алайда жаттығу барысында жарыстарға байланысты «Жастардың» босамауы, қосымша «Жастар-2» (ағаш еден) залының да үнемі қолжетімді болмауы салдарынан аудан орталықтарындағы бетон төселген жерде ойнаған.
«Сөйтіп жүргенде команданың лидер ойыншыларына айналып келе жатқан Нұрқанат Бақтияров сынды футзалшылар аяғын сындырып алып, маусым соңындағы негізгі ойындардан тыс қалды. Көптеген кедергілерді жүріп өткен команданың бас көтеріп, еліміздегі мықтылармен терезесі тең ойнағаны қуантады. Футзалдан ел чемпионатының плей-офф кезеңдері өтіп жатыр. Турнирлік кестеде екінші орын алған «Қайрат» пен жетінші орынмен шешуші кезеңге шыққан «Жетісу» арасындағы кездесу тартысты өрбуде. Бірінші ойында «Жетісу» (3:2), екінші матчта «Қайрат» (6:3) жеңді. Бүгін Алматыда үшінші кездесу болады. Жеңгені жартылай финалға өтеді. Осыған дейін «Қайратты» плей-офф кезеңінде негізгі уақытта ешбір клуб жеңбеген («Семей»қосымша уақытта ұтты). Кешегі ойында «Қайрат» қанша легионері бар, соның бәрін алаңға қоя берді», - дейді журналист.
Бұған дейін былтыр Ақтөбенің «Рахмет» командасы жабылып қалған.