
Бұл тарихи жетістікке жету үшін өзбекстандықтар БАӘ-ге қарсы шешуші ойында жеңілмесе жеткілікті
Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына шығуға жақын. Бұл тарихи жетістікке жету үшін командаға Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) қарсы шешуші ойында жеңілмесе жеткілікті. Матч 5 маусым күні Астана уақытымен 21:00-де басталады.
Алайда жанкүйерлерге бұл қуанышты сәттің куәсі болу біраз қиындық тудырып жатыр. Себебі Дубайда болған соңғы оқиғаларға байланысты Өзбекстан азаматтарына қатысты бірқатар шектеу енгізілген. Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарына матчқа барудан бас тартуға кеңес беріп, стадионға футбол атрибутикасын алып кіруге тыйым салды.
Өзбекстан СІМ мәлімдемесінде:
«БАӘ әуежайларындағы қауіпсіздік қызметтері шектеу шараларын енгізіп жатыр. Тіпті Өзбекстан азаматтары елден депортациялануы мүмкін. Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында матч өтетін кезеңде БАӘ-ге топтық туристік сапарларды ұйымдастыру мен жарнамалаудан уақытша бас тарту ұсынылады», - делінген.
Естеріңізде болса, сәуір айында Дубайда Өзбекстаннан шыққан екі қылмыстық топ арасында қақтығыс болып, салдарынан олардың бірі пышақталып көз жұмды. Осы оқиғадан кейін 15 адам тұтқындалды.
Осы жайттан соң БАӘ билігі Өзбекстан азаматтарының елге кіруіне тыйым сала бастады. Журналист Азамат Умаровтың мәліметінше, бүгінгі матч кезінде жанкүйерлерге мегафон, ту, барабан және өзге де футбол атрибутикасын стадионға алып кіруге қатаң тыйым салынған.