
Асхат Тағыберген Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы ойынын 2014 жылы 7 маусымда Венгрияға қарсы өткізді
Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өткен Солтүстік Македонияға қарсы матчтан соң ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді.
«Солтүстік Македонияға қарсы матч – менің ұлттық құрамадағы соңғы ойыным. Бұл менің және отбасыммен бірге ақылдасқан шешімім. Енді жастарға жол беру керек. Өйткені футбол – бәсекеге толы спорт. Қазір бұл туралы көп айтылып жатыр. Жалпы жас деген – тек паспорттағы сан. Бірақ мен қазір өзімді бұл орынды босатуға дайынмын деп санаймын.
Бүгін ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынымды өткіздім. Енді футболдағы мансабымды клуб деңгейінде жалғастырамын. Барлық матчтар жүрекке жақын қабылдадым. Әсіресе «Астана Аренадағы» 30 мың жанкүйердің қолдауы – ұмытылмас әсер. Қолдаған жанкүйерлерге мың алғыс. Баршаңызға Алла разы болсын. Ұлттық құраманың бір бөлшегі болғаныма, капитаны болғаныма өте қуаныштымын. Рақмет!», – деді Асхат.
Асхат Тағыберген Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы ойынын 2014 жылы 7 маусымда Венгрияға қарсы өткізді. Ұлттық құрама сапында 63 мәрте алаңға шығып, үш гол мен жеті нәтижелі пастың авторы атанды.
Қазақстан футбол федерациясы Асхат Тағыбергенге ұлттық құрамаға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.