«Жанкүйерлер кешірмеген»: Игита Ақтөбеге үш оққағарымен келді

14.06.2025, 21:33

Ол бұған дейін «Ақтөбе» клубының туын таптаған болатын

«Жанкүйерлер кешірмеген»: Игита Ақтөбеге үш оққағарымен келді
Қазақстан футбол федерациясы

Футзалдан Қазақстан құрамасының және алматылық «Қайраттың» қақпашысы Лео Игита тағы даудың ортасында қалды. Бұл жолы оқиға Қазақстан чемпионаты аясында өткен «Ақтөбе» – «Семей» матчынан кейін болды.

Ойыннан соң Игита қауіпсіздік қызметкерлерімен бірге тез арада аренадан кетіп қалған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан жанкүйерлердің ашуланып, түрлі сөздер айтып, айқайлап жатқанын көруге болады. Шамасы, жергілікті жанкүйерлердің қақпашының былтырғы әрекетіне қатысты ашуы әлі басылмаған тәрізді. 

Дегенмен, қақпашының өзі видеоның астына пікір қалдырып, жанкүйерлерге құрметін білдірген.

«Менің жанкүйерлермен ешқандай араздығым жоқ. Олар өз шоуын жасайды, «Ақтөбені» жеңіске итермелегісі келеді. Қазақстанда жанкүйерлер алтыншы ойыншыдай рөл атқаратыны қуантады. Құрметтеймін», - деп жазды ол.

Естеріңізде болса, 2024 жылы әлеуметтік желіде Лео Игитаның автобусқа мінер алдында еліміздегі екі үздік клуб – «Ақтөбе» мен «Астана» командаларының туын таптаған видеосы тарады. Бұл әрекет көпшіліктің ашуын туғызды. Әсіресе, «Ақтөбе» жанкүйерлері футзалшыға тісін қайрап жүрген сияқты.

Лео Игита бұл әрекеті үшін кешірім сұрағанымен, «Ақтөбе» жанкүйерлері Қазақстан футбол федерациясынан ойыншыны жазалауды талап еткен болатын.

Айта кетейік, бразилиялық ойыншы 2011 жылдан бері «Қайраттың» намысын қорғап жүр. Ол Қазақстан құрамасында 2013 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Сондай-ақ, Игита 5 рет футзалдан әлемнің үздік қақпашысы атанған (2015, 2016, 2018, 2019 және 2020).

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам