«Түкіргенім бар». Туған күнде ішіп мас болған футболшы атыраулық жанкүйерлерге ауыр сөздер айтты

15.06.2025, 18:57

Клубтың ҚПЛ-2025 маусымындағы жағдайы мәз емес

«Түкіргенім бар». Туған күнде ішіп мас болған футболшы атыраулық жанкүйерлерге ауыр сөздер айтты
instagram.com/fc_atyrau

Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) биылғы маусымдағы басты аутсайдерлерінің бірі — «Атырау» клубының ойыншылары тағы сынға қалды. Бірақ бұл жолы алаңдағы ойыны үшін емес, түнгі клубтағы әрекеттері үшін.

Instagram желісіндегі Dopsportkz парақшасында «Атырау» футболшыларының көңіл көтеру мекемесінде ішімдікпен отырған суреті жарияланған. Ал клубтың ҚПЛ-2025 маусымындағы жағдайы мәз емес. Фото желіде тараған соң клуб футболшыларының бірі авторға былай деп жазған:

«Футболшылар ішімдік ішпейді деп ойлайсыңдар ма? Бос сөз айтпаңдар. Біз бар күшімізді салып ойнап жүрміз. Шынымды айтсам, Атыраудағы футболға түкіргенім бар. Трансферлік терезе ашыла сала кетемін. Мұндағы жанкүйерлер де біртүрлі, адамды есінен адастыра жаздайды. Не болса соған сене береді екенсіңдер.

«Атырау» Бірінші лигаға түседі, бұл әлдеқашан шешіліп қойған. Ал сендер, клоун сияқты, суретке түсіп, адамдардың соңынан жүгіріп жүре беріңдер».

Алайда көп ұзамай сурет өшірілді. Нақтырағы, тағы бір ойыншы мәселенің мән-жайын түсіндіре отырып, автордан жазбаны өшіруді сұраған.

«Сіз жариялаған жазба жайлы сөйлесейін деп едім. 17 мамыр күні ойыншыларымыздың бірі туған күнін атап өтті. Ол кешке біз үшеуіміз ғана емес, бүкіл команда қатысты. Өзім ішімдік ішпеймін. Халық бұл суретті көріп қояды деп емес, ата-анам көріп қоя ма деп уайымдаймын… Сондықтан түсіністік танытып, бұл жазбаны өшірсеңіз екен», — деп жазған футболшы.

Жанкүйерлер бұл өтініштің авторы 23 жастағы Ерсұлтан Қалдыбеков екенін анықтады.

Алайда жанкүйерлерді ең алдымен бірінші скриндегі дөрекі сөздердің авторы кім екені мазалайды. Олар клубтың бас директоры Дидар Сыдықбектен бұл ойыншыны тауып, қатаң жазалауды талап етуде.

Айта кетейік, 17 мамыр күні «Қайраттан» жалға алынған 21 жастағы шабуылшы Ян Труфанов туған күнін атап өткен болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 1
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам