
2023 жылдың күзіне дейін Мұрат Боранбаев халықаралық іздеуде болған
Қаржылық мониторинг агенттігі кәсіпкер Мұрат Боранбаевтың ұсталғанын растады. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
2022 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялаған болатын. Ол Алматыдағы ақылы автотұрақтарға қатысты қылмыстық іс бойынша басты күдікті әрі ұйымдастырушы ретінде аталған. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Мұрат Боранбаев 2017 жылы «Alan Parking» ЖШС-нің директоры болған.
2022 жылдың сәуірінде аталған компанияның директоры Мұхтар Базарбаевтың ұсталғаны хабарланса, көп ұзамай «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің директоры Марат Принбеков те қамауға алынды.
Былтырғы желтоқсан айында Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі RR2 компаниясы Alan Parking-тен 30 пайыздық үлесті сатып алғаны мәлім болды. Бұған дейін ақылы тұрақ жүйесінің операторы мемлекеттік меншікке тиесілі болған.
Кейінірек Алматы қаласы әкімдігі «Алматы спецтехпаркинг сервис» компаниясының 70 пайызы мен Alan Parking-тің 100 пайызы қаланың меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді.
2023 жылдың күзіне дейін Мұрат Боранбаев халықаралық іздеуде болған. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқыру фактісі бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.
Дегенмен құқықтық статистика порталынан Мұрат Боранбаевқа іздеу жарияланғаны жөніндегі 2022 жылғы ақпарат алынып тасталған. Осы орайда ҚМА бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Мұрат Боранбаевқа іздеу 2024 жылғы 24 желтоқсанда оны ұстауға байланысты тоқтатылғанын хабарлайды, – делінген ресми жауапта.