
Сәтпаев жоғары бағаланатын өзбекстандық футболшыларды басып озды
Өзбекстандық Upl.uz сайты қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың трансферлік құнына қатысты пікір білдірді.
«Қайрат» клубының 16 жастағы шабуылшысы жақында 1,3 миллион еуроға (шамамен 770 миллион теңге) қымбаттап, қазіргі таңда оның нарықтық құны 1,8 миллион еуроны құрап отыр.
«Бұл өзгеріс оған Өзбекстан футболының қос өкілі — Акмал Мозговой мен Абдувохид Нематовты артқа тастауға мүмкіндік берді. Екеуі де Қаршы қаласының «Насаф» клубында ойнайды. Transfermarkt мәліметіне сүйенсек, олардың әрқайсысының нарықтық бағасы қазір 1,5 миллион еуроны құрайды. Осылайша, соңғы жаңартулардан кейін Сәтпаев жоғары бағаланатын өзбекстандық футболшыларды басып озды», – деп жазады сайт.
Айта кетейік, Сәтпаев осы маусымда ҚПЛ-де 13 матч өткізіп, 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Жас шабуылшы чемпионаттың ең үздік сұрмергені атанып отыр. Қазіргі таңда ол «Астана» ойыншысы Марин Томасовтың (7 гол) алдын орап кетті.