
Жобалау жұмыстары келесі жылы толық аяқталып, құрылыс кезеңіне өту жоспарлануда.
Осыдан 6 жыл бұрын Ақтау қаласында жаңадан стадион салатыны туралы айтылған. Биыл тағы сол әңгіме қозғалып, макеті таныстырылды.
8 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Ақтау қаласында салынатын жаңа стадионның тұжырымдамасы талқыланды.
Жиында «Қазақ энергетика және байланыс ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС өкілдері жобаны таныстырды. Жоспар бойынша Ақтауда 10000 көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтереді. Жаңа спорт нысаны заманауи талаптарға сай салынып, футбол академиясымен жабдықталады. Мұнда спортшыларға қажетті барлық жағдай жасалып, оқу-жаттығу алаңдары, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық пункт пен жаттығу залдары қарастырылады.
Жобалау жұмыстары келесі жылы толық аяқталып, құрылыс кезеңіне өту жоспарлануда.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жобалау-іздестіру жұмыстарын бақылауда ұстауды және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Ақтауда стадион салу туралы ең алғаш 2019 жылы айтылған. Ақтаудың 32-шағынауданындағы Yessenov University аумағында әлемдік стандартқа сай келетін стадион салынады деген хабар тараған. Тіпті, бөлінетіні бюджеті 520 миллион теңге деген болатын. Одан кейін 2022 жылы 15 мың адамға арналған стадион құрылысы басталады деп тағы ақпарат тарады. Жоба құны – 8 миллиард теңге.