
«Интер Майами» өз алаңында «Нэшвилл» клубын қабылдады
13 шілдеге қараған түні MLS-тің кезекті турында «Интер Майами» өз алаңында «Нэшвилл» клубын қабылдады. Кездесу АҚШ-тың Форт-Лодердейл қаласындағы «DRV PNK Stadium» аренада өтіп, алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті.
«Интер Майами» сапында қос голды да әйгілі аргентиналық шабуылшы Лионель Месси салды. MLS баспасөз қызметінің хабарлауынша, Месси Лига тарихында қатарынан бес ойында дубль жасаған алғашқы футболшы атанды.
Қонақтар сапынан жалғыз голды германиялық форвард Хани Мухтар өз еншісіне жазды.
«Интер Майамидің» Жорди Альба, Серхио Бускетс және Луис Суарес секілді өзге де жұлдызды ойыншылары бастапқы құрамда алаңға шыққанымен, нәтижелі әрекеттермен көзге түсе алмады.
Қазіргі таңда «Интер Майами» Шығыс конференциясында 19 турдан кейін 38 ұпаймен 5-орында тұр. Ал «Нэшвилл» 22 матч өткізіп, 41 ұпаймен 3-сатыға жайғасқан.
Келесі турда Хавьер Маскерано жаттықтыратын «Интер Майами» сырт алаңда «Цинциннати» клубымен кездеседі, ал «Нэшвилл» өз алаңында «Коламбус Крю» командасын қабылдайды. Екі матч та 17 шілде күні өтеді.