
Элдор бұған дейін Ресей мен Италия чемпионаттарында өнер көрсеткен
Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Элдор Шомуродов «Истанбул Башакшехир» клубымен келісімшартқа отырғаны туралы жазғанбыз. Футболшы түрік командасына сатып алу құқығымен жалға берілді.
Шомуродовтың айтуынша, оған Азияның әртүрлі клубтарынан, соның ішінде БАӘ мен Катар лигаларынан ұсыныстар түскен. Алайда оның таңдауы түрік клубына түскен.
«БАӘ мен Катардан, сондай-ақ Түркияның басқа да командаларынан ұсыныстар болды. Бірақ мен «Башакшехирді» таңдадым. Өйткені бұл - жас клуб. Мұнда алып командаларға қарағанда қысым аз. Сонымен қатар команда УЕФА Конференциялар лигасына қатысады, бұл маған тұрақты ойын тәжірибесін береді. Осы жағдай менің әлем чемпионатына жақсы дайындалуыма көмектеседі деп ойлаймын», - деді шабуылшы.
Айта кетейік, Элдор бұған дейін Ресей мен Италия чемпионаттарында өнер көрсеткен. Ол Италияда төрт клубтың жейдесін киді: «Дженоа», «Рома», «Специя» және «Кальяри».
А сериясында барлығы 129 матч өткізіп, 19 гол соқты және 13 нәтижелі пас берді.
Ал Ресейде футболшы «Ростов» сапында ойнады. Премьер-лигада 80 матчқа қатысып, 26 нәтижелі әрекетімен (гол және пас) көзге түсті.
Қазіргі таңда Шомуродовтың трансферлік құны - 5 миллион еуро. Ол - Өзбекстан құрамасының үздік сұрмергені.