
«Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті
Алматының «Қайрат» футбол клубы 2025/26 жылғы маусымда УЕФА Чемпиондар лигасында сенімді өнер көрсетуде. Турнирдің алғашқы іріктеу кезеңінде словениялық «Олимпияны» қос матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіп, келесі айналымда финляндиялық КуПС командасынан 3:2 есебімен басым түсті.
Үшінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» Словакияның «Слованы» мен Босния және Герцеговинаның «Зриньски» клубтарының жеңімпазымен кездеседі. Осы кезеңге жолдама алғаны үшін алматылық клуб 525 мың еуро (шамамен 330 миллион теңге) көлемінде сыйақыға ие болды.
Егер «Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өте алмаса, клуб 550 мың еуро (345,7 миллион теңге) өтемақы алады және автоматты түрде Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтеді. Бұл кезеңде де жеңілген жағдайда, команда тағы 300 мың еуро (188,6 миллион теңге) табыс табады.
Ең төмен нәтиженің өзінде «Қайрат» Конференциялар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, клуб бюджетіне қосымша 3,17 миллион еуро (1,99 миллиард теңге) кіріс түсіреді.
Осылайша, Еурокубок маусымының ең сәтсіз сценарийінде де «Қайрат» кемінде 4,55 миллион еуро (2,86 миллиард теңге) көлемінде табыс табады. Маусым соңында бұл сомаға телехабар тарату мен маркетингтік құқықтардан түсетін кірістер де қосылады.