
«Челси» ойыншысы атанғалы тұрған Сатпаев шетелдік жанкүйерлерді таңғалдырды
«Қайрат» пен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының 16 жастағы вингері Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі жеңісті матчта гол мен нәтижелі пас авторы атанып, шетелдік жанкүйерлердің назарын аудартты.
Алматылық клуб Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінің жауапты матчында Финляндияның КуПС командасын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, келесі айналымға жолдама алды. Бұл кездесудің басты қаһарманы «Қайрат» түлегі Дастан Сәтпаев болды. Айта кетейік, ойыншының трансферлік құқығы Англияның «Челси» клубына тиесілі.
Англиялық спорт журналисі Том Оверенд X желісінде (бұрынғы Twitter):
«Дастан Сәтпаев 2026 жылы Қазақстанның «Қайратынан» «Челсиге» қосылады. Ол небәрі 16 жасында Чемпиондар лигасының іріктеуінде гол соқты! Болашағы жарқын ойыншы», – деп жазды.
«Челси» клубының жанкүйерлері де Сәтпаевтың ойынына тәнті болған:
«Дастан Сәтпаев – нағыз талант! 16 жасында көрсетіп жатқан ойыны – ақылға қонбайтын дүние. Келесі жылы «Челсиге» келгенде, клуб оны дұрыс бағытта дамытуы керек. Ол әлемдік деңгейдегі шабуылшыға айналуға әбден лайық. Нағыз гауһар тасты көре білген «Қайратқа» алғыс айтамыз», – деп жазды жанкүйер қыз.
Тағы бір жанкүйер Дастанды енді тоқтату мүмкін емес деп отыр:
«Сәтпаевтың жолын бөгей алмаймыз! Жай ғана мүмкін емес! Меніңше, біз өз заманымыздың ең үздік шабуылшысын таптық!»
Айта кетейік, бұған дейін еуропалық скауттар Дастан Сәтпаевты «Манчестер Сити» аңыз ойыншысы Серхио Агуэроға теңеген еді. Кешегі ойында салған голы бұл салыстыруды нақтылай түскендей.
Жанкүйерлердің пікірлері:
«Міне, біздің Агуэро! Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасында гол соқты!», «Дастан Сәтпаев – кішкентай Агуэро!»
Еске сала кетейік, «Қайрат» клубының тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтуіне дәл осы Сәтпаевтың көмегі орасан.
Ал жас вингердің өзі биылғы маусымда Чемпиондар лигасы тарихында ең жас қазақстандық ойыншы және ең жас гол авторы атанды – 16 жас, 10 ай және 26 күн. «Өз заманымыздың үздік шабуылшысы».