
Дастан Шотландияда да ширақ қимылдады
Шотландияның The Daily Record басылымының сайты Алматының «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың «Селтикпен» өткен ойындағы өнеріне баға берді.
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясындағы бірінші кездесу тең аяқталды – 0:0. Қарымта матч 26 тамызда Алматыда өтеді, дегенмен сары қағаздарының көбейіп кетуі себепті бұл ойынға Сәтпаев қатыса алмайды.
«Дастан Сәтпаев «Челси» сапына келесі жылы, 18 жасқа толған соң қосылады. Бұл жігіт сол қапталда керемет ойын өрнегін көрсетті. Ең өкініштісі, кездесудің соңғы сәттерінде уақытты созып жүріп алғаны үшін сары қағаз алып, келесі аптадағы матчқа қатыса алмайды», - деп жазды басылым.
Айта кетейік, Дастан бұл ойында да ширақ қимылдады. Тіпті Дастан Сәтпаев командалас әріптесі Александр Мартыновичқа дәл пас беріп, ол өз кезегінде қақпаны дәл көздеген еді. Алайда төреші офсайд тіркеп, голды есептемей қойды.