
Бұл – футболдың заңдылығы, әр маман өз жұмысында қателеседі
Бүгін «Астана Арена» стадионында өтетін Қазақстан – Уэльс ойыны алдындағы баспасөз жиынында ұлттық құраманың қорғаушысы Нұралы Әліп журналист Дастан Кенжалиннің тосын сауалына жауап берді.
Журналист қазақстандық футболшылардың бір-біріне дәл пас бере алмайтынын айтып, соның себебін сұрады:
«Ұлттық құрама мен клубтарда бір мәселе – ойыншылар бір-біріне 5–10 метр жерден де тура пас бере алмайды. Соның кесірінен қақпаға голдар жиі соғылады. Бұл мандраж ба? Мәселен, Солтүстік Македониямен ойында Асхат Тағыбергеннің қателігінен гол соғылды. Осындай кемшіліктермен қалай жұмыс істейсіздер?» – деді ол.
Бұл сұрақ Әліпке ұнамағандай болды. Футболшы кез келген спортшы қателесетінін алға тартып жауап берді:
«Өзіңіз футбол ойнап көрдіңіз бе? Қателік барлық жерде болады. Үлкен чемпионаттарда да миллиондық жалақы алатын ойыншылар мүлт кетеді. Мысалы, соңғы матчта Асхаттың пасына менің аяғым тимей қалды, он секундтан кейін гол соғылды. Бұл – футболдың заңдылығы, әр маман өз жұмысында қателеседі», – деді ол.