
Сондықтан әділдік барлық жерде сақталса дейміз
Қостанайдың «Тобыл» клубының бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан Премьер-лигасының 23-турындағы «Атыраумен» (0:1) өткен ойынды қорытындылады.
«Ең алдымен «Атырау» командасын жеңісімен құттықтаймын. Жанкүйерлерімізден кешірім сұраймын. Бұл біз күткен нәтиже емес. Бірақ, өкінішке қарай, футболда мұндай сәттер болады. Жігіттерге жанкештілігі үшін алғыс айтамын. Бір нәрсе шықты, бір нәрсе шықпады. Бұған объективті де, субъективті де себептер бар. Алда дайындалып, қателіктерді түзетеміз», - деді Жұмасқалиев.
Жаттықтырушының айтуынша, Атырауда ойнау әрдайым қиын:
«Мұнда талай әріптестерім айтып жүргендей, алаң сапасы төмен. Осындай жағдайда сапалы футбол көрсету қиын. Бұл да өз әсерін тигізді. Сол себепті, болашақта жағдай жақсарады деп сенемін», - деді ол.
Жұмасқалиев төрешілердің жұмысына да тоқталды:
«Бүгін бізден ұпайды тартып алды деуге болады. Қарап отырсақ, «Астана» мен «Елімай», «Қайрат» пен «Ақтөбе» секілді негізгі матчтарға шетелдік төрешілер шақырылады. Ал «Тобылдың» да шешуші кездесулері бар. Біздің ойынды астаналық төреші басқарды. Сондықтан әділдік барлық жерде сақталса дейміз», - деп түйіндеді бапкер.