
Қақпашы өзінің ұлттық құрамадағы болашағына тоқталды
Қазақстан футзал құрамасының капитаны Лео Игита Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Италияға қарсы плей-оффтың алғашқы ойынын қорытындылап, алдағы матчқа қатысты ойын бөлісті.
Бразилиялық қақпашы қарсыластың мықтылығын ерекше атап өтті:
«Италия сапында тоғыз бразилиялық ойыншы бар. Олар Еуропадағы ең күшті чемпионаттардың бірінде шыңдалған. Біз ойынды тең дәрежеде өткіздік, жеңіске де, кемінде тең нәтижеге де лайық едік. Бірақ өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Соңғы сәтте олардың қақпашысы екі мәрте керемет сейв жасады. Ақырында жеңіс қарсыластың еншісінде кетті», – деді Игита.
Капитан алдағы қарымта ойынға ерекше сенім білдірді:
«Қазақстанда жанкүйерлеріміздің алдында ойнау – біз үшін үлкен мүмкіндік. Бізге тек жеңіс қажет. Егер екі гол айырмасымен ұтсақ, келесі кезеңге жолдама аламыз. Ең бастысы – алғашқы болып гол жібермеу. Бұл жүйке тұрғысынан да, тактика тұрғысынан да шешуші фактор. Дегенмен, жанкүйерлер әдемі әрі тартысты ойынға куә болады», – деп атап өтті ол.
Игита жанкүйер қолдауының маңызын ерекше жеткізді:
«Ертең біз Қазақстан үшін, жанкүйерлеріміз үшін ойнаймыз. Олардың қолдауы бізге үлкен мотивация береді», – деді ол.
Сонымен қатар қақпашы өзінің ұлттық құрамадағы болашағына тоқталды. Кейбір жанкүйерлердің оның мансабын аяқтауы мүмкін деген пікіріне қарамастан, Игита әлі де бірнеше жыл жоғары деңгейде ойнауға дайын екенін жеткізді:
«Иә, жас емеспін. Бірақ әлі кемінде 2–3 жыл өнер көрсете аламын. Денсаулығым бар, ынтам жоғары. Қазақстан маған бар өмірімді сыйлады. Сондықтан ең аз дегенім – осы ел үшін алаңда соңғы демім қалғанша күресу», – деді ол.
Футзал жанкүйерлерін енді шешуші сәт күтіп тұр – Қазақстандағы қарымта ойын ұлттық құраманың тағдырын айқындайтын кездесу болмақ.