17 қарашада Андрей Ферапонтовтың шәкірттері өз алаңында Молдова U-21 құрамасын қабылдайды
Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде топ көшбасшысы Словакия U-21 құрамасымен кездесіп, маңызды ойында жеңіліс тапты.
Матч Словакияның Прешов қаласында өтіп, алғашқы минуттан-ақ жоғары қарқынмен басталды. Екінші минутта Нино Марцелли алыстан қауіпті соққы жасап, доп қақпа бағанасына тиді. Алаң иелері шабуылды күшейтіп, қазақстандық қақпашы Дулат Талыспаев бірнеше мәрте командасын құтқарып қалды.
Алайда 11-минутта Қазақстан күтпеген қарсы шабуыл жасап, Рамазан Бағдат есеп ашты.
Бірінші таймда Қазақстан басымдығын сақтап қалуға тырысқанымен, Словакияның қысымы бәсеңдеген жоқ.
Екінші тайм бастала салысымен, 52-минутта Адриан Фиала айып алаңындағы қарбаласта допты қақпаға енгізіп, есепті теңестірді. Ойын тізгінін қолға алған словактар 64-минутта тағы да сол Фиала арқылы баспен соққы жасап, алға шықты – 2:1.
Осылайша Қазақстан U-21 құрамасы қатарынан үшінші ойында жеңіліс тапты. Команда топтық кезеңде небәрі 3 ұпаймен бесінші орынға тұрақтап отыр. Ал Словакия 13 ұпай жинап, көш бастауын жалғастыруда.
17 қарашада Андрей Ферапонтовтың шәкірттері өз алаңында Молдова U-21 құрамасын қабылдайды.
Словакия U-21:
Тяпай, Граница, Палишчак, Якубко, Миелке, Гайовски, Гиди, Гайдош, Марцелли, Григер, Ризнич.
Қазақстан U-21:
Талыспаев, Каримов, Турғанов, Аскаров, Мрынский, Нұрымбет, Жұмабеков, Байбек, Труфанов, Бағдат, Валгушев.