Топтағы соңғы ойынды біздің ұлттық құрама 8 мамырда Францияға қарсы өткізеді
Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан хоккейден IA дивизионы бойынша әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Украинаны буллиттер сериясында жеңді. Матчтың негізгі уақыты 4:4 есебімен аяқталған болатын.
Матчтң бірінші кезеңі 1:0 есебімен қазақстандықтар пайдасына шешілген. Гол авторы – Всеволод Логвин. Ал, екінші кезеңде жанкүйерлер бес шайбаның куәгері атанды. Алдымен украиналық Андрей Денискин есепті теңестірсе, артынша Талғат Жайлауов шәкірттері қатарынан екі гол соғып, таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді.
Екінші кезеңнің 14-минутында Игорь Мережко есепті қысқартса, сирена соғуына бір секунд қалғанда Александр Пересунько таразы басын теңестіріп кетті.
Үшінші кезеңде Украина алға шыққан. 11-минутта Артем Гребеник өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Ал, араға небәрі бір минут салып Батырлан Мұратов матчтағы соңғы шайбаны соқты. Осылайша ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен аяқталды.
Бес минуттық овертайм нәтижесіз аяқталған соң ұлттық құрамалар жеңімпазды буллиттер сериясында анықтады. Бұл сында Қазақстанның мерейі үстем болды.
Осылайша өз тобында 11 ұпаймен көш бастаған Жайлауов шәкірттері элиталы дивизионға шығуға мүмкіндік алды. Украина болса үшінші орында.