Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Алматы әкімдігі қиындыққа тап болған хоккейші қыздарға көмектесуден бас тартты

Бүгін, 01:29

Оларға мемлекеттен ақша берілмейтіні өз алдына, ірі көлемде қарызы бар екенін де әкімдік еске салды

Алматы әкімдігі қиындыққа тап болған хоккейші қыздарға көмектесуден бас тартты
olympic.kz

Қыздар хоккейінен Қазақстанның 25 дүркін чемпионы – «Айсұлу» клубының капитаны команданың қаржылық қиындыққа тап болғанын айтып, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыдан көмек сұраған болатын. Әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдаған Мадина Тұрсынова мемлекет тарапынан қаржыландырудың тоқтағанын, сондай-ақ мұз айдынынан қуылуы мүмкін екенін айтқан.

Хоккейші қыздың бұл үндеуіне Алматы әкімдігінің атынан қалалық спорт басқармасы жауап берді. Ведомствоның ресми мәлімдемесін «Қазақпарат» агенттігі жариялаған.

Басқарма жауабына сәйкес, «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы – жекеменшік кәсіби клуб. Кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Биыл мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша бюджеттік қаржыландыруға өзге клуб ие болған.

Сонымен қатар ведомство «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы» ЖШС-нің Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен Орталық стадион нысандарын пайдалану бойынша 38 миллион теңге берешегі бар екенін атап өтті. Бірақ спорт басқармасы клубты Olympic Arena мұз сарайынан шығару әрекеті болмағанын және бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Жалған мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Шындыққы жанаспайтын ақпарат әрі қарай таратылған жағдайда Алматы қаласының Спорт басқармасы құзыретті органдарға тиісті арызбен жүгіну құқығын өзіне қалдырады», - деп хабарлады басқармадан.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам