Күдікті марқұм әйелмен жақын қарым-қатынаста болған және оның жүкті екенін білген
Беларусьтің бұрынғы жастар құрамасының хоккейшісі, кейін төреші болған Алексей Гавриленок Минск қаласының 43 жастағы тұрғыны Татьяна Мартищенконы өлтірді деген күдікпен ұсталды.
Беларусьтің Tribuna басылымы елдің Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлағандай, әйелдің жоғалғаны туралы ақпарат 11 қыркүйекте тараған. Алайда оны іздеу жұмыстары 8 қыркүйектен басталған.
ІІМ мәліметінше, күдікті марқұм әйелмен жақын қарым-қатынаста болған және оның жүкті екенін білген. Ер адамның басқа қарым-қатынасы болған. Ведомствоның нұсқасы бойынша, осы жағдайға байланысты олардың арасында жиі жанжал туындаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, кезекті жанжал кезінде ер адам әйелге бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Кейін мәйітті жол сөмкесіне салып, қала сыртына алып шығып, Минск ауданындағы орманға көмген.
ІІМ мәліметінше, күдікті жол бойында марқұмның қаны тиген киімдері мен смартфонынан құтылған. Сондай-ақ пәтердегі оқиға іздерін жоюға тырысқан.
Алексей Гавриленок 38 жаста. Ол Беларусь құрамасының бұрынғы қақпашысы Александр Гавриленоктың ұлы.
Гавриленоктың өзі де бұған дейін хоккеймен айналысып, Беларусьтің жасөспірімдер құрамаларында өнер көрсеткен. 2006/07 маусымында жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. 2008-2015 жылдар аралығында «Брест» клубында ойнап, кейін спорттағы мансабын аяқтаған.
Кейін Алексей Гавриленок хоккей төрешісі болып жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.