Енді келесі ойынды астаналықтар 4 қазанда сырт айдында мәскеулік «Спартакпен» өткізеді
Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Нефтехимикке» қонаққа барып, 5:4 есебімен жеңіске жетті.
Матчтағы есепті астаналықтар ашты. Бірінші кезеңнің бесінші минутында Джастин Бейлі мергендігімен көзге түсіп, командасын алға шығарған. Алайда, 17-минутта Матвей Надворный есепті теңестірді.
Екінші кезеңде де командалар бір-бір шаймен алмасқан. Алдымен «Нефтехимик» ойыншысы Андрей Белозеров көзге түссе (21-минут), араға жеті минут салып қонақтар сапынан Тайс Томпсон есепті теңестірді.
Үшінші кезеңді «Нефтехимик» қауіпті шабуылдармен бастады. Нәтижесінде қатарынан екі шайба соғып, матч тағдырын шешкендей болған. Алайда, «Барыс» ойыншылары соңғы секундтарға дейін берілмейтін команда екенін тағы бір рет көрсетті. Алдымен, Әлихан Өмірбеков 50-минутта есепті қысқартса, матч аяқталуға 12 секунд қалғанда канадалық легионер Гарретт Пилон таблодағы көрсеткішті 4:4-ке жеткізді.
Ал, овертаймда «Барыс» сапынан Семен Симонов жеңіг голын соғып, командасына маңызды ұпайды сыйлады.
Енді келесі ойынды астаналықтар 4 қазанда сырт айдында мәскеулік «Спартакпен» өткізеді.