Келесі ойынды «Барыс» 14 қазанда өз айдынында «Автомобилист» клубына қарсы өткізеді
Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында өз айдынында «Сибирь» клубын қабылдап, күтпеген жерден жеңіліп қалды.
Матч алдында сарапшылар «Барысты» фаворит ретінде көрсеткен. Алайда, айдында бәрі басқаша өрбіді.
Ойындағы есепті қонақтар ашты. «Сибирь» сапынан көзге түскен – Степан Никулин. Бірінші кезең соңына дейін астаналықтар таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға шығып та үлгерді. Алдымен Морелли гол соқса, артынша Савицкий қанжығасын майлады.
Екінші кезеңде қос команда да гол соға алмады. Ал, үшінші кезеңде «Сибирь» жауапсыз екі шайбамен ойындағы нүктені қойды. Алдымен Тэйлор Бек, кейін Павел Тютнев «Барыс» қақпасынан саңлау тапты.
Айта кету керек, қонақтар соққан үш голдың екеуі сан басымдығының нәтижесінде кірді.
Келесі ойынды «Барыс» 14 қазанда өз айдынында «Автомобилист» клубына қарсы өткізеді.