ҚХЛ-дың күнтізбесі «Барыс» үшін өте қолайсыз жасалғаны бұған дейін айтылған
«Барыс» хоккей клубы қатарынан үшінші ойында жеңіліп қалды. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында астаналықтар сырт айдында «Автомобилист» клубымен кездесіп, 1:4 есебімен есе жіберді.
Бірінші кезеңде Шепард қақпасына жауапсыз екі шайба кірді. Алғашқысын Тарасов соқса, екінші голдың авторы – Спронг.
Екінші кезең бастала салысымен «Автомобилист» хоккейшілері қарсылас қақпасына тағы бір шайба соқты. Бұл жолы сан басымдығын ұтымды пайдаланған – Горбунов. Ал, кезең аяқталуға бір минут қалғанда «Барыс» ойыншысы Джейк Масси есепті қысқартқан. Алайда, астаналықтардың бұдан әріге шамасы келмеді. Үшінші кезеңде Гросс төртінші голды соғып, матч нүктесін қойды.
Еске салу керек, ҚХЛ-дың күнтізбесі «Барыс» үшін өте қолайсыз жасалғаны бұған дейін айтылған. Өйткені, астаналық клуб қатарынан тоғыз ойынды сырт айдында өткізеді. Клубтың бас бапкері Кравец те бұған шағым келтіргенімен, өзгерту мүмкін болған жоқ.
Келесі матчты «Барыс» 28 қазанда Минсктің «Динамосымен» өткізеді.