Астаналықтардық плей-офф кезеңіне жолдама алуына мүмкіндік аз
Құрлықтық хоккей лигасында жеңілістен көз ашпай, турнир кестесінің соңғы орнына орналасқан астаналық «Барыс» қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізіп, жанкүйерлерін қуантты.
2024 жылдағы алғашқы кездесуін астаналықтар Ярославль қаласында жергілікті «Локомотивке» қарсы өткізді. Үш период нәтижесінде 4:4 есебімен тең аяқталған ойын тағдыры буллит сериясында шешілді.
Алаң иелері тарапынан Александр Полунин (8-минут), Александр Елесин (10), Александр Волков (51), Рушан Рафиков (59) гол соқса, «Барыс сапынан Энтони Камара (20, 56), Давид Скленичка (26) және Джозеф ЛаБейт (38) тура соққымен көзге түсті.
Овертаймда қос команда да есепте алға шыға алған жоқ. Есесіне ойын соңында болған буллит сериясында «Барыстың» ойыншылары мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлерін тағы қуантты.
Айта кетейік, 64 ұпай жинаған «Локомотив» Батыс конференциясында екінші орында келеді. Ал, «Барыс» 39 ұпай жинап, Шығыс конференциясында 11-орынға тұрақтаған.
Бұған дейінгі үш матчта астаналықтар «Сочи», «Авангард» және «Трактор» клубтарын жеңді. Енді 5 қаңтарда жерлестеріміз сырт алаңда «Трактормен» тағы бір мачт өткізеді.