
Оның отставкасына балалар клубы себеп болуы мүмкін
Астаналық «Барыс» хоккей клубының бас директоры Нұрлан Оразбаев қызметінен кетті. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді. Алайда, басшының мұндай шешіміне нақты не себеп болғаны көрсетілмеген.
Естеріңізде болса, Нұрлан Оразбаев астаналық ұжымға былтыр 17 қазанда Борис Иванищевтің орнына тағайындалған еді. Оразбаев бұған дейін де басшылық лауазымды екі рет атқарған.
Оразбаев келгелі «Барыс» хоккей клубы бірқатар маңызды өзгерісті бастан өткерді. Жаңа басшылықтың алғашқы шешімдерінің бірі деп солтүстікамерикалық легионерлермен келісімшартты тоқтатқанын айтуға болады.
Ал 2025 жылдың қаңтарында клубтың бас директоры «Барыстың» балалар мен жасөспірімдер командаларының Ресей чемпионатында маусымды мерзімінен бұрын тоқтататынын алға тартты. Алайда, еліміздің Туризм және спорт министрлігінің араласуынан кейін, маусымды аяқтау туралы шешім қабылданды. 8 сәуірде балалар командаларының келесі маусымда да Ресей чемпионатында бақ сынайтыны анықталды. Шайба.кз мәліметінше, дәл осы жайт Оразовтың қызметтен кетуіне себеп болған.
«Барыс» Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде 68 матчта 35 ұпай жинап, 12-орынды иеленді. Бұл – клуб тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.