
Мамин бұған дейін ҚР Премьер-министрі болған
Астаналық «Барыс» ҚХЛ-дің соңғы екі маусымында өте нашар өнер көрсетіп, жарысты соңғы орынмен аяқтағанын білеміз. Бұл сәтсіздік бекер емес дейді Қазақстан хоккей федерациясының бұрынғы вице-президенті Владимир Корсунский. Prosports.kz сайтына берген сұхбатында ол Федерация басшысы Асқар Маминді ауыр айыптады.
Оның айтуынша, биліктің бейқамдығы мен қолдаудың жоқтығы бүкіл хоккей саласын тұралатқан.
«Менің ойымша, барлығы Маминге байланысты. Ол – Қазақстан хоккей федерациясының президенті, бұрынғы премьер-министр. Хоккей әлемінің ішкі жағдайын жақсы біледі. Егер ол хоккейдің дамуына қаржы бөліп отырған болса – нәтиже көрінер еді. Бірақ оған бәрібір сияқты. Халықаралық хоккей федерациясы өткізетін конгрестерге жылына екі рет барып, демалып қайтады. Ал Қазақстандағы жағдаймен айналысатын ешкім жоқ. Меніңше, барлық мәселе – федерацияда», - деді ол.
Корсунскийдің айтуынша, «Барыс» бұрын Қазақстан хоккейінің тірегі болған. Бірақ, қазір бұл команданы да әдейі әлсіретіп жатыр екен.
«Қазір «Барысты» да құртып жатыр. Менің ойымша, мұны қасақана істеп жатқан жалған патриоттар бар. Халық хоккейді жақсы көреді. Мен елдің әр қаласында болдым, матчтарды көрдім. Қарағанды мен Теміртаудағы жанкүйерлер ерекше. Әсіресе, Теміртаудағы жанкүйерлер егер командасы нашар ойнаса спорт сарайын қиратып жібере алады. Олар хоккей мен өз қаласын шынайы жақсы көреді. Ал басшылық пен билікке бұл спорт аса қажет емес сияқты», - деп ашық айтты Корсунский.