
Мұсайбеков 2021 жылы ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Мәжіліс кулуарында «Барыс» хоккей клубының жаңа бас директоры Сәкен Мұсайбековке қатысты өз пікірін айтты.
«Мұсайбековке спорт саласында жұмыс істеуге заң жүзінде ешқандай шектеу жоқ. Оны тағайындау туралы шешімді құрылтайшылар кеңесі қабылдады. Қазір клубқа бірқатар тапсырма жүктелді. Бір жылдың ішінде командадағы қазіргі жағдайға байланысты нақты шешімдер қабылдауы керек», – деді министр.
Еске салайық, Сәкен Мұсайбеков жуырда «Барыс» хоккей клубының бас директоры болып тағайындалды. Сонымен қатар, ол Ұлттық Олимпиада комитетінде қысқы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президент және Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының бас директоры қызметін де қоса атқарады.
Айта кетейік, Мұсайбеков 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол букмекерлік бизнестегі мүдделерді қорғап, қамқорлық көрсету үшін «Exirius» ЖШС басшысынан 6,2 млн теңге пара алған. Оның ішінде 4 млн теңгеге Hermes әйелдер сөмкесі сатып алынғаны анықталған.
Кейін Сәкен Мұсайбеков кінәсін мойындап, мемлекетке 62 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп, жауапкершіліктен босатылған.